Get Mystery Box with random crypto!

'Не үшін кітап оқу керек?' кітабына алғысөз Құрметті оқырман! | Данияр Жігітбек

"Не үшін кітап оқу керек?" кітабына алғысөз

Құрметті оқырман! Қолыңыздағы кітапты үш замандасыңыздың кітапқа деген махаббатын көрсететін туынды деп біліңіз. Біз, Данияр Жігітбек, Мирас Кесебаев және Шразаддин Каниязов, осы кітабымыз арқылы сізді "кітап" деген ғажайып әлемге шақырғымыз келеді.

5000-ға жуық кітап оқыған, 10-нан аса кітап жазған жандар ретінде кітап жайлы кітапты біз жазбасақ, кім жазады?

Бұл кітапта біз кітап оқудың пайдаларын, біздің өмірімізді қалай өзгерткенін айттық. Сондай-ақ кітапты қалай оқу керек, қалай таңдау керек, оқығанды амалға асырудың жолдары жайлы да сөз қозғадық.

Кітап үш адамның еркін әңгімесі форматында жазылған. Барынша қарапайым сөздерді қолдануға тырыстық. Арасында ауызекі стильдегі сөздер де кездеседі. Үшеуміз ғана сөйлей бермей, арасында сізге де пікір білдіруге, әңгімеге араласуға мүмкіндік беріп отырамыз.

Әдебиеттен хабары бар жандар біледі, Әзілхан Нұршайықовтің "Ақиқат пен аңызы", Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтің "Құз басындағы аңшының зары" кітабы осындай диалог түрінде жазылған. Біздің кітабымыз да сонысымен ерекшеленбек. Үш адамның бір нәрсеге қатысты үш түрлі пікірін оқи отырып, сіздің де өз пікіріңіз қалыптасады. Әрі әңгіме жалықтырмайды. Былайша айтқанда, бір деммен оқып шығасыз.

Бұл – кітап оқу жайлы кітап. Бірақ біз тек кітап жайлы әңгімемен ғана шектелмедік. Кітапқа тікелей қатысы бар ғылым, дін, пәлсапа, өнер тақырыптарына да түрен салдық. Оқып, таным көкжиегіңіз кеңіп қалады деп сенеміз.

Біздің мақсатымыз: Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру. Мына туынды да сол мақсаттан туған. Егер кітабымыз сіздің кітаппен достасып кетуіңізге себеп болса, мақсатымызға жеткеніміз.

Ал, ыңғайланып отырыңыз. Әңгімемізді бастайық.